Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы ARAQUA 2 жобасы аясындағы алғашқы Peer-learning Activity іс-шарасына қатысты
2026 жылғы 22–23 сәуірде Армения Республикасының Ереван қаласында «Жоғары білімге қол жеткізуге құқық беретін біліктіліктерді автоматты танудың жалпы қағидаттары» (General Principles of Automatic Recognition of Higher Education Access Qualifications) тақырыбында ARAQUA 2 жобасы аясындағы алғашқы Peer-learning Activity іс-шарасы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының өкілдері – қаржы-экономикалық офисінің басшысы Р.Ж. Құнақбаева және интернационалдандыру офисінің сарапшысы Г.С. Бекмағанбетова қатысты.
Іс-шараны Арменияның Академиялық тану және ұтқырлық жөніндегі ұлттық ақпараттық орталығы (ArmENIC) ұйымдастырып, оған ұлттық тану орталықтарының өкілдері, білім сапасын қамтамасыз ету саласының сарапшылары және жобаға қатысушы елдердің академиялық тану мамандары қатысты.
Іс-шара барысында жоғары білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін біліктіліктерге баса назар аудара отырып, Арменияның білім беру жүйесі, ARAQUA 2 жобасының негізгі бағыттары және автоматты тану саласындағы басқа да еуропалық бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар, қатысушылар Еуропа Кеңесінің автоматты тану мәселелері бойынша ұстанымдарын, сондай-ақ жоғары білімге қол жеткізуге құқық беретін біліктіліктерді автоматты танудың тұжырымдамасы мен негізгі қағидаттарын талқылады.
Жобаның серіктес елдерінің, атап айтқанда Босния және Герцеговина, Грузия, Қазақстан және Сербияның ұлттық тәжірибелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан өкілдері Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі, Ұлттық біліктілік шеңбері және жоғары оқу орындарына түсуге құқық беретін біліктіліктер туралы презентация ұсынды. Презентация барысында еліміздегі негізгі білім беру траекториялары, біліктілік деңгейлері және жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ететін қолданыстағы тетіктер таныстырылды.
Сондай-ақ қатысушылар автоматты тану рәсімдеріндегі ақпараттың ашықтығы мен біліктіліктер дерекқорларын пайдаланудың маңыздылығын талқылады. Арнайы сессия Арменияның Білім беру сапасын қамтамасыз ету ұлттық орталығының (ANQA) тәжірибесі негізінде білім сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Іс-шараға қатысу серіктес елдер арасында тәжірибе алмасуға, автоматты тану саласындағы еуропалық тәжірибелерді зерделеуге және ARAQUA 2 жобасы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.
#ЖБДҰО #ARAQUA2 #AcademicRecognition #HigherEducation #InternationalCooperation #ErasmusPlus


