Болон процесінде Қазақстанның тең төрағалығы
Ағымдағы жылы Қазақстан Чехиямен бірлесіп Болон процесі бақылау тобының (Bologna follow-Up Group – BFUG) тең төрағасы лауазымын қабылдады. Тең төрағалық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейін жалғасады және Қазақстанның BFUG Басқарушы кеңесінің (BFUG Board) отырыстарына қатысуын көздейді.
Тең төрағалар Болон декларациясында белгіленген мақсаттар мен іс-әрекеттерді алға жылжыту үшін бірлесіп жауап береді. 2022 жылғы 5 қазанда Қазақстан BFUG кеңесінің кезекті отырысы үшін алаң ұсынады.
Болон процесінде Қазақстанның тең төрағалық етуі еуропалық білім беру кеңістігі үшін қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің имиджі мен танымалдылығының өсуін, біздің еліміздің халықаралық деңгейде танылуын растайды. BFUG кеңесінің мүшелерімен бірлескен жұмыстың жарты жылы ішінде жоғары білім беруді дамыту бойынша бірқатар өзекті мәселелерді көтеру жоспарлануда. Олардың арасында білім беру сапасын бағалау, бейресми оқыту, педагогикалық білім беруді дамыту бар.
Бастамалардың бірі Болон процесінің параметрлері негізінде жоғары білім берудің Орталық Азия кеңістігін қалыптастыру болып табылады. Мақсаты – Орталық Азия елдеріндегі білім беру саласындағы келісілген қағидаттарды өңірлік және ұлттық деңгейлерде тиісінше және толық жүзеге асыру деген бірыңғай мақсатты ұстана отырып, өзара тиімді шарттарда дамудың басым бағыттарын белгілей отырып, Орталық Азияның білім беру кеңістігін біріктіру.
Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарының тең төрағалығы кезеңінде жоғары білім беру сапасын одан әрі арттыру мәселелеріне арналған бірқатар іс-шаралар жоспарланған.